25 Қар 2020
Страницы KZ «Байқыдыров атындағы саз мектебі» КММ

Мектеп туралы

Алшынғазы Байқыдыров

(1938-1976жж)

 

1968 жылы іргетасы қаланған өнер ордасы А.Байқыдыров атындағы саз мектебінің құрылғанына биыл 50 жыл. Талай дүлдүлдерді өнер бәйгесіне баптап, музыка әлеміне қанатын қатайтып ұшырған, Қазақстан мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлестерін қосып жүрген шәкірттерімен ауыз толтырып мақтана алатын киелі өнер ордасының негізін қалаған сазгер – күйші, ұстаз А.Байқыдыров бүгінде көзі тірі болса 81 жасқа толар еді. Өмірден өтсе де, көңілден кетпесін.

Киелі өнер иесі.

Бісмиллә жол басы,

Таланттарды қорғашы.

Киелі шаңырақ білгенге,

Өнердің мынау ордасы.

Қазақ елі өз жерінің қазына байлығымен ғана емес, талант иелерімен де белгілі. Сондай адамның бірі, өзінің қысқа ғұмырында нәтижелі еңбегі арқылы еліне елеулі болған Ақсуат елінің біртуар азаматы – Алшынғазы Байқыдыров.

А.Байқыдыров 1938 жылы мамыр айында Көкжыра ауылында дүниеге келген. 1946 жылы Көкжыра ауылында жеті  жылдық мектепке барып, 1956 жылы Ақсуат орта мектебін бітірді. Анасы Нұрсағидан бойына дарыған өнердің дамуына «атақты ақын ата» атанған Қуанышбай Сатбақұлының да үлесі бар. Бала қиялын қозғап, көңіл-күйін домбыра арқылы жеткізуге талпындырған еді.  Музыкалық білім алу мақсатында 1958 жылы Семейдің  М.Төлебаев атындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Үздік бітірген алғашқы қарлығаштардың бірі болды. Еңбек жолын Семей қаласындағы №5 мектебінде ән-күй пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. Қала мектебінің шәкірттері арасында домбыра үйірмесін ұйымдастырады. Әріптестері арасында ақкөңіл, елгезек, еңбекқор азамат екенін көрсете білді. Ал, 1960-1963 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң, өз ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасады.

Алшынғазы ағаның ауыл жастарын домбыра өнеріне баулуы 1963 жылғы қараша айында басталған. Домбыра үйірмесіне 45 оқушы және мұғалімдер қамтылды. Ізденісті еңбегінің арқасында домбыра оркестрін құрып, оны сахнаға шығару дәрежесіне жеткізді. А.Байқыдыровтың табандылығы мен қажыр –қайраты нәтижесінде халық аспаптар оркестрі қалыптасты. Көкжыра ауылы өнерпаздары негізінде құрылған оркестр 1967 жылы Алматыда өткен көркемөнепаздардың Бүкілодақтық фестиваліне қатысып, «Дипломант» атағына ие болды. Осыдан кейін өнерпаздар Ақсуат ауданы ғана емес, сонымен бірге Көкпекті, Шар сияқты бірқатар аудандарды аралап, жұртшылыққа өнер көрсетті. А.Байқыдыров бұл салада өнерпаздар шеберліктерін арттырумен бірге, ұлттық саз өнерін жұртшылыққа кеңінен таныстыруды мақсат еткен еді. Мұның өзі әуесқой күйшілердің халық арасында тәрбиеленіп өсуіне және домбыра мектебінің қалыптасуына негіз болды, ізденісті  еңбек табыстарына бастады. Шәкірттері де  биік шыңдарға шықты. Респубикадағы белгілі әнші Майра Ильясова, Бәтіш Мұқанова, Ақсуаттың Ескендірі атанған Найманғазы Сақпанбаев, Парижде ән салған Бақытгүл Әбілбекова, термеші Ахат Әшіров республикалық айтыстың жеңімпазы Сембай Жансақов, әлем чемпионы Хамит Искаков, Құрманғазы атындағы оркестрдің мүшесі болған Қайырбек Әділов, Қанат Сәденов, музыка мектебінің директоры болған Майданбек Іштебаевтар ұстаздарының еңбек жолын аброймен жалғастырды.

Алшынғазы ағаның «Сегіз қырлы, бір сырлы» болғаны баршаға мәлім. Шәкірттерін өнерге баули отырып, өзі де өзі де шығармашылықпен айналысты. Жеке күй тартуда республикалық байқауда екінші орынды жеңіп алды. Анасына арнап «Анама» деген күй шығарды. Осы күйді нотаға түсіріп насихаттауда оның әріптесі, халық аспаптар оркестрінің дирижері болған марқұм Әлихан Мағзұмовтың еңбегі зор. Сондай-ақ, суретші Кәдірбек Омаров «Мен сурет өнерін Алшынғазы ағадан үйрендім» деп мақтанышпен айтатын.

А.Байқыдыров осы жұмыстарды атқара жүріп, Семей педагогикалық институтын бітірді. 1968 жылы ақпан айында аудан орталығында пионерлер үйінің директоры, Ақсуат орта мектебінің мұғалімі болып қызмет етеді. Сол жылы Ақсуатта балалардың саз мектебін ашу туралы аудандық кеңестің шешімі қабылданады. Мектеп директоры болып С.Култуманов тағайындалады. А.Байқыдыров алғашқы ұстаздардың бірі болды.

1973 жылы мектептің алғашқы түлектері бітірді. Сол жылы А.Байқыдыров балалар саз мектебінің директоры болып сайланды. Өнерін шәкірттеріне үйретуден жалықпаған, ауданның мәдени өмірінің дамуына елеулі еңбек сіңірген абзал  азамат 1976 жылы қыркүйек айында небәрі 38 жасында жол апатынан қаза болды.

А.Байқыдыров  өзінің қысқа ғұмырының 20 жылын ұстаздыққа арнады. Қаншама өнер қырандарын самғатып ұшырды. Аудандық, облыстық, республикалық, Бүкілодақтық байқаулардың, фестивальдардың дипломанты, лауреаты болды. Аудандық, облыстық партия комитетінің алғыс хаттарының иегері атанды. 1990 жылы А.Байқыдыров басшылық еткен саз мектебінің оқытушылар кеңесі аудан халқының талап-тілегін ескере отырып, саз мектебіне есімін беру  туралы ұсыныс жасады. 1991 жылы халық депудаттары аудандық кеңесі шешімімен аудандық музыка мектебіне Алшынғазы Байқыдыровтың есімі берілді.

Бүгінде Алшағаңның ізбасар шәкірттері осы мектепте домбыра сыныбы мен оркестрдің жетекшісі әрі дирижері Мейрамгазы Оспанов, қобыз сыныбының оқытушысы Нұрсағат Нұғыспанова, домра-прима сыныбының оқытушысы Ғалия Самарханова, мектеп директоры ҚР Мәдениет қайраткері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Қалихан Сафаров сынды тікелей шәкірттері ол кісіден дәріс алып, бұл күнде өнердің қарлығаштарының қанатын қатайтып ұшырып, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде оқушылары жүлдегер атанып жүр. Сондай-ақ, бұл мектепте оқу ісі меңгерушісі Айгул Бөлекжанова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гулжан Бекшойнова, қобыз сыныбының оқытушысы Ә.Шынғазина, домбыра сыныбының оқытушысы М.Нагыметжанов, М.Маратов, шертер сыныбының оқытушысы А.Калелова, жетіген сыныбының оқытушысы А.Бөлекжанова, би сыныбының оқытушысы Г.Бекшойнова мен А.Аянова, ән сыныбының оқытушысы Қ.Орынбекова, сүйемелдеуші А.Белабаева, музыка әдетиетінің оқытушысы А.Иманбекова сынды ұстаздар жыл сайын лауреат, дипломант дайындап жүрген білікті мамандар.

Осылайша, Алшағаңның ісі жалғасын табуда. Алшынғазы Байқыдыров атындағы саз мектебі жас ұрпақтың бойында музыка мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, талантты ұрпақты тәрбиелеу бағытында аянбай еңбек етуде. Өнер – мәңгілік деген осы шығар.

 

Пайдалы ақпараттық ресурстар